Нашар көретіндерге арналған
Wap сайттың нұсқасы

"Шахтинск орталықтандырылған кітапхана жүйесі" КММ

    Последнее обновление: 24 Августа 2017 16:07, Просмотров (1686), Печать

    Зейнетақы жүйесіндегі жаңа қызметтер...

     

    Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі секілді, отандық зейнетақы жүйесі де тұрақты дамып жатыр. Редакция БЖЗҚ қызметкерлерімен бірге өз оқырмандарына жаңа сервистер туралы маңызды 5  сұраққа жауаптар әзірледі.   

     

    Мен зейнетақы шотын ашуым керек. Оны БЖЗҚ кеңсесіне бармай-ақ ашуға бола ма?

     

    2017 жылдың 30 маусымынан бастап БЖЗҚ веб-сайты арқылы міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде өтініш беруге болады. Бұл қызметтер сайттың «Электрондық қызмет көрсету» бөлімі және Жеке кабинетінде қолжетімді.

     

    Жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде өтініш беру үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) маңызды кілтін алу жеткілікті. Жеке зейнетақы шотын ашу бойынша өтініш беру рәсімі мейлінше қарапайым – ЭЦҚ арқылы авторланып, ұсынылған өтініш нысанының міндетті бағандарын толтырса жеткілікті. Бір ай ішінде бұл қызметті (2017 жылғы 31 шілдедегі жағдай бойынша) 27 адам пайдаланып үлгерген.        

     

    Бұдан басқа, әлеуетті салымшы үшінші бір тұлғаның атына сенімхат рәсімдеп, өзінің орнына БЖЗҚ кеңсесіне барып тиісті өтінішке қол қоюға қатысты оған барлық құқықты бере алады.

     

    Айта кетелік, сенім артылған тұлға Қор кеңсесіне өтініш жасауға барғанда жеке басын куәландыратын құжатты, нотариат куәландырған сенімхат немесе сенімхаттың нотариат куәландырған көшірмесін және салымшының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін ұсынуы қажет.

            

    Зейнетақы калькуляторын қалай пайдалануға болады?

     

    «БЖЗҚ» АҚ сайтындағы зейнетақы калькуляторы болжамдық сипатқа ие. Таяу жылдары құрметті демалысқа шығатын адамдардың алатын зейнетақы төлемдерінің сомасын дәл есептеу үшін қосымша ақпараттар қажет. Дегенмен, осы калькулятордың көмегімен болашақ зейнетақының неден құралатындығын және оның мөлшерін қалай алдын-ала жоспарлауға болатындығын түсінуге болады.      

     

    Калькуляторды Қор сайтының «Электрондық қызмет көрсету» – «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінен табуға болады.

     

    Болжамды зейнетақыны есептеу үшін ұсынылған нысанды толтыру қажет. Оған салымшының жынысы мен туған күнінен бөлек, шоттағы зейнетақы жинақтарының сомасы, ерікті жарналардың мөлшерлемесі, шегерімдерге дейінгі жалақы сомасы, 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі енгізіледі.  

     

    Егер 1998 жылғы дейінгі еңбек өтілі немесе ерікті жарналар жоқ болса тиісті бағанға «0» деген санды енгізу керек.   

     

     

    Зейнетақы калькуляторы арқылы жинақтаушы, ортақ, базалық және ерікті зейнетақы төлемдерін есептеуге болады. Бұл есеп белгілі бір шамалар бойынша жорамалдарға негізделген. Олар: инвестициялық табыстылық пен жалақының өсімі. Есептеу нәтижесі оптимистік, реалистік және пессимистік деп аталатын үш сценарий бойынша көрсетіледі.  

     

    Есептеудегі «Ауыстыру коэфициенті, яғни соңғы жалақыдан зейнетақы үлесі %-бен» деп аталатын соңғы жолға баса назар аударған жөн.  

     

    1952 жылы қабылданған Халықаралық еңбек ұйымының «Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы» конвенциясына сәйкес ауыстыру коэффициентінің нормасы 40% болуы тиіс. Яғни, зейнетақы жұмыскердің  еңбекақысының 40%-ынан кем болмауы тиіс.

     

    Егер ауыстыру коэффициенті «стандарттан» немесе өзіңіз күткен зейнетақы төлемдерінен төмен болатын болса, онда зейнетақы жарналарының көлемі мен жиілігін арттыруды және ерікті зейнетақы жарналарын төлеуді ойластырған абзал.

     

    Алдағы уақытта базалық зейнетақы төлемдерінің зейнетақы жарналарын жинақтау өтіліне байланысты есептелетіндігі туралы естідім. Осыны толығырақ түсіндіріп берсеңіз.   

     

    Бүгінде елімізде зейнеткерлердің барлығы бірдей 14 466 теңге көлемінде базалық зейнетақы төлемдерін алады. Бірақ, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлеудің жаңа тәртібі енгізіледі. Мұнда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері салымшының зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне байланысты тағайындалады. Бұл жерде 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі де ескерілетін болады. 

     

    Егер қатысу мерзімі жоқ немесе 10 жылға дейін болса, онда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады, ал 35 жыл және одан көп болатын болса, онда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшеріне тең болады және одан асырылмайды. 

     

    Жаңа енгізілімнің арқасында еңбек өтілі жоғары адамдар үшін базалық зейнетақы төлемдерінің көлемі екі есеге дейін артуы мүмкін. Бұл зейнетақының өсуіне септігін тигізері сөзсіз.    

     

    Осылайша, адамдарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыру көзделіп отыр. Яғни, зейнетақы жинақтарының көлемі өскен сайын, болашақта алатын зейнетақының мөлшері де арта түседі.

     

    Зейнетақы төлемдерін тағайындау жөніндегі өтінішті БЖЗҚ кеңсесіне келмей-ақ, оның ресми сайты арқылы жолдауға бола ма?

     

    2017 жылғы 30 маусымнан бастап зейнеткерлік жасқа толуға (ерлер 63 жас, әйелдер 58 жас) немесе 1-ші және 2-ші топтардағы мүгедектердің мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішті БЖЗҚ веб-сайты арқылы жолдауға болады.

     

    Жаңа сервисті зейнеткерлік жасқа толған немесе I және II таптардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген салымшылар Қор сайтының «Электрондық қызмет көрсету» – «Зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру» бөлімі арқылы пайдалана алады. Бұл үшін зейнетақы Қорында олардың міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының болуы шарт. Одан бөлек, зейнетақы төлемдерін тағайындау және/немесе зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару туралы қолданыстағы (бұған дейін Қорға ұсынылған) өтініш болмауы керек. 

     

    Бұл операцияны жүзеге асыру үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) маңызды кілтін алу жеткілікті. Одан басқа, зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтінішті беру үшін Қазақстан Республикасы аумағында ұлттық валютада (теңге) екінші дәрежелі банкте немесе «Қазпочта» АҚ-та ашылған, 20 саннан тұратын банк шоты туралы мәліметті және екінші дәрежелі банктің деректемелерін көрсету қажет. Ұсынылған нысанды толтырып болған соң өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қойылады.   

     

    «БЖЗҚ» АҚ-та тіркелген зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініштің орындалу мәртебесін Қордың ресми сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөліміндегі «Зейнетақы жинақтарын төлеуге және (немесе) сақтандыру ұйымына аударуға өтініштің орындалуын бақылау» қызметі арқылы тексеруге болады.

     

    Бұл қызметті пайдалану үшін ЭЦҚ кілті немесе ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) мен пароль керек.

     

    Зейнетақы жинақтары мұраға қалдырыла ма?

     

    Жеке зейнетақы шоттарындағы ақшалар салымшының (зейнетақы төлемдерін алушының) меншігі болып табылады және ол қайтыс болған жағдайдың өзінде БЖЗҚ-да мерзімсіз сақталады. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 31, 32, 33 баптарына сәйкес  бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар толық көлемде және заңнамада белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.       

     

    Одан басқа, Заңға сәйкес, салымшы немесе зейнетақы төлемдерін алушы қайтыс болған жағдайда оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшері шегінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді. Бірақ, бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиіс. Егер, жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін алушының зейнетақы шотында қалған қаражаттың сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен аспайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған біржолғы төлемнің сомасына қосылып төлененді.

     

    Сонымен қатар, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Салық кодексінің 158, 160 және 170- баптарына сәйкес БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері төлем көзінен жеке табыс салығы салынатын табысқа жатады. Сондықтан аталмыш кодекстің 158-бабының 1-тармағына сәйкес алушының БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері түріндегі табысына Салық кодексінде көзделген түзетулер мен салықтық шегерімдерді ескере отырып 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы салынады.

     

    Қайтыс болған салымшының (алушының) мұрагері оның зейнетақы жинақтарын алу үшін БЖЗҚ кеңсесіне өзі келіп, сондай-ақ пошта байланысы немесе сенім артылған адам арқылы өтініш бере алады. 

     

    Мұрагер өтінішке қоса мұрагерлік құқығы туралы куәліктің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі не мұраға берілетін мүлікті бөлу туралы келісімнің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі және заңды күшіне енген сот шешімін ұсынуы тиіс.

     

    Ұсыну тәсіліне қарай құжаттардың тізімі Қор сайтының «Қызметтер» - «Алушыларға» - «Зейнетақы төлемдерін рәсімдеу тәртібі» - «Алушының қайтыс болуына байланысты БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері» бөлімінде қолжетімді. 

     

    Құжаттар пакеті Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес ұсынылған соң, БЖЗҚ құжаттарды қабылдаған немесе олар келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде зейнетақы жинақтарын төлеуді жүзеге асырады.

     

     

    қайта оралу

     

    Жаңалықтар

    2005-2022 «Шақты орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ Барлық құқықтар қорғалған
    +7 (7215) 65 51 59,
    +7 (7215) 65 41 73 goldorang@mail.ru
    Яндекс.Метрика GIH
    © 2014 Дамыту және қолдау:
    Интернет компания Creatida