Последнее обновление: 30 Ноября 2016 12:40, Просмотров (2027), Печать
1. БЖЗҚ-дағы салымшылардың жалпы саны және зейнетақы жинақтарының сомасы бүгінде қандай?
2016 жылғы 1 тамызда шарттардың барлық түрі бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,15 млн. бірліктен асты, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары есебінен жасалғаны шамамен 9,7 млн. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша салымшылар саны – 405 713 бірлік, ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша 39 мыңнан астам бірлік. Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 6,35 трлн. теңгеден асты.
2. Аннуитет шарттар дегеніміз не?
Қолданыстағы заңнама аясында «БЖЗҚ» АҚ-дан (БЖЗҚ) зейнетақы төлемдерін «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңында (Заң) көзделген белгілі бір жағдайлар орын алған кезде алуға болады. Ең алдымен, зейнетақы төлемдерін алу құқығы БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және зейнет жасына толған тұлғаларға беріледі.
Сонымен қатар мүгедектiгі мерзiмсiз болып белгiленетін болса, бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.
Сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасау арқылы белгіленген зейнет жасынан бұрын зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар тұлғаларды бөлек атап көрсетуге болады. Зейнетақы аннуитеті шарты – сақтандыру шарты, оған сәйкес сақтанушы (зейнетақы төлемдерін алушы) сақтандыру ұйымына зейнетақы жинақтарының сомасын беруге міндеттенеді, ал сақтандыру ұйымы сақтанушының (зейнетақы төлемдерін алушының) пайдасына өмір бойы немесе белгілі бір уақыт кезеңінде сақтандыру төлемдерін жасауға міндеттенеді.
Заңның 31-бабының ережелеріне сай ең аз зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi қамтамасыз етуге зейнетақы жинақтары жеткiлiктi болған кезде міндетті зейнетақы төлемдері есебінен зейнетақы төлемдерін алуға:
55 жасқа толған ерлер;
50 жасқа толған әйелдердер (2016 жылғы 1 наурыздан бастап),
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 50,5 жасқа толған әйелдердер;
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51 жасқа толған әйелдердер;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51,5 жасқа толған әйелдердер;
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52 жасқа толған әйелдердер;
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52,5 жасқа толған әйелдердер;
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53 жасқа толған әйелдердер;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53,5 жасқа толған әйелдердер;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54 жасқа толған әйелдердер;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54,5 жасқа толған әйелдердер;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 55 жасқа толған әйелдердер құқылы.
Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілігі сақтандыру ұйымымен жасалған зейнетақы аннуитеті шартының талаптарымен анықталады, зейнетақы жинақтарын аудару туралы шешім қабылдай отырып, шартпен өте мұқият танысу қажет.
3. Шартты-жинақтаушы құрамдауыш дегеніміз не? Оның зейнетақыға әсері қандай?
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өзгерістер, яғни шартты-жинақтаушы құрамдауыш немесе жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) енгізіледі.
Ол үшін БЖЗҚ-да әрбір қызметкерге шартты зейнетақы шоттары ашылатын болады, қызметкердің атына жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қызметкердің айлық табысынан 5% мөлшерінде ЖМЗЖ аударатын болады. Жаңа ЖМЗЖ артықшылығы – жұмыс беруші жарна салып отырған зейнеткер бұл құрамдауыштан зейнетақыны өмір бойына, тіптен шартты зейнетақы шотындағы қаражат таусылып қалса да алады (жинап келгенде кемінде 60 күнтізбелік ай ЖМЗЖ аударылған жағдайда).
4. Салымшы қайтыс болған жағдайда, зейнетақы жинақтары кімге, қалай және қандай көлемде мұраға қалдырылады?
Міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарын заңнамада белгіленген тәртіппен өсиетхат бойынша да, заң бойынша да мұраға алуға болады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің ережелеріне сай мұрагерлер заң бойынша кезектілік тәртібімен мұрагерлікке шақырылады. Заң бойынша мұрагер болу құқығын бірінші кезекте мұра қалдырушының балалары, сондай-ақ оның жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады. Бірінші кезектегі мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын екінші кезекте мұра қалдырушының бір әке, бір шешеден туған және әкесі немесе шешесі бөлек аға-інілері мен апа-қарындастары (сіңлілері), сондай-ақ оның әкесі жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесі тең үлеспен алады. Егер бірінші және екінші кезектегі мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын үшінші кезекте мұра қалдырушының әкесімен бірге туған ағалары мен апалары, нағашы ағалары мен нағашы апалары тең үлеспен алады. Егер бірінші, екінші және үшінші кезектегі мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын мұра қалдырушының алдыңғы кезектегі мұрагерлеріне жатпайтын үшінші, төртінші және бесінші туыстық дәрежесіндегі туыстары алады.
Заңнамада белгіленген тәртіппен мұрагерлік құқық ресімделген және зейнетақы жинақтарын төлеуге қажет құжаттар БЖЗҚ-ға берілген соң зейнетақы жинақтары мұрагерлерге зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініште көрсетілген банк шотына аударылады.
5. Қазақстан аумағындағы шетел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініш беріп, ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасай ала ма?
Заңның 2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар, егер заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей зейнетақымен қамсыздандырылу құқығын пайдаланады.
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалар жеке басты куәландыратын құжаты (шетелдіктер үшін тұруға ықтиярхат, азаматтығы жоқ тұлғалар үшін азаматтығы жоқ тұлғаның кәуілігі) болған кезде Қордың кез келген бөлімшесіне міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтінішпен бара алады. Сол жерде ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасауға болады.