Нашар көретіндерге арналған
Wap сайттың нұсқасы

"Шахтинск орталықтандырылған кітапхана жүйесі" КММ

    Последнее обновление: 15 Ноября 2017 16:09, Просмотров (2233), Печать

    Бес сұрақ қазан

     

    1. Ерікті зейнетақы жарналарын кім және қашан ала алады?

    «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 33-бабына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында  зейнетақы жинақтары бар:

    1) елу жасқа толған;

    2) мүгедек болып табылатын;

    3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған адамдар ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқылы.

    Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, құжаттар топтамасы ұсынылған соң БЖЗҚ белгіленген мерзімде зейнетақы жинақтарын төлеуді жүзеге асырады (ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша ережеге сәйкес 10 жұмыс күні белгіленген, бірақ іс жүзінде бұл бар болғаны 3-4 күнді алады).

    Қажетті құжаттардың маңызды тізбесі, оларды БЖЗҚ-ға ұсыну тәсіліне қарай (Қорға өзі келгенде/пошта байланысы/үшінші тұлға арқылы жүгінгенде), сондай-ақ төлем валютасының түріне қарай өтініш бланкілері мен оларды толтыру үлгілері, сенімхат үлгілері www.enpf.kz мекенжайы бойынша БЖЗҚ веб-сайтында орналастырылған.  

    БЖЗҚ кеңсесіне өзі келгенде алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі мен салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы және алушының банктік шоты туралы мәліметтер қажет.   

    Сенім білдірілген тұлға немесе қамқоршы арқылы жүгінгенде:

    1) алушының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;

    2) нотариат куәландырған сенімхат немесе оның нотариат куәландырған көшірмесі/заңды өкілдің куәлігі/заңды өкілді тағайындау туралы анықтама;

    3) сенім білдірілген тұлғаның/заңды өкілдің  жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы;

    4) алушының банктік шоты туралы мәліметтер.

    Пошта байланысы арқылы жүгінгенде: БЖЗҚ белгіленген нысандағы алушы өздігінен толтыратын зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш (өтініш бланкісінің өзекті нысаны  - №3 қосымша, БЖЗҚ web-сайтында орналастырылған), бұл ретте алушының зейнетақы төлемін тағайындау туралы өтініштегі қолын нотариат куәландырады (егер нотариаттық куәландыру тұрғылықты мемлекетте жасалса); 

    2) алушының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі;

    3) БЖЗҚ белгіленген нысанға сәйкес зейнетақы төлемдерін жасау тәртібі мен талаптары туралы қосымша келісімді алушының өзі 2 нұсқада толтырады және қол қояды (келісім бланкісінің өзекті нысаны «БЖЗҚ» АҚ web-сайтында орналастырылған);

    4) алушының банктік шоты туралы мәлімет.

    Ерiктi зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, сондай-ақ зейнетақы төлемдерiн төлеу тәртiбi ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келiсуi бойынша белгiленедi.

     

    1. Зейнетақы жинақтарын алу барысында түпкілікті сомаға қандай салық салынады?

                 «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 158, 160 және 170 - бабына сәйкес БЖЗҚ-дан төленетiн зейнетақы төлемдерi төлем көзінен жеке табыс салығы салынатын табысқа жатады. Зейнетақы төлемдерін алушыдан Салық кодексінде қарастырылған түзетулер мен салық шегерімдерін ескере отырып, 10 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығы салынады. Жеке табыс салығы зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғалардан салық шегерімі қолданылған соң барып зейнетақы төлемдерінен ұсталады. Салық заңнамасына сәйкес жеке табыс салығы салынбайтын, ең төмен жалақы мөлшеріндегі салық шегерімі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген. Ол әрбір табыс есептелген айда қолданылады.  

    Кіріс түзетулері қолданылмайтын адамдар үшін жеке табыс салығы салынбайтын салық шегерімінің сомасы ағымдағы қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 12 еселенген мөлшеріне тең. Басқа сөзбен айтқанда, биыл ең төмен жалақы мөлшері 24 459 теңгені құрайды. Сәйкесінше жеке табыс салығы салынбайтын жылдық сома 293 508 теңгені құрайды деген сөз (12 x 24 459). Мысалы, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы 937 350 теңгені құрайтын болса, бұл сомадан 293 508 теңгені алып тастаймыз, сонда 643 842 теңге қалады. Мінеки, осы 643 842 теңгеге жеке табыс салығы салынады. 

    БЖЗҚ кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдеріне өткен жағдайда да республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және табысты есептеу күніне қарай қолданыста болған бір ең төмен жалақы мөлшерінде салық шегерімі қолданылады. Сәйкесінше егер кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің сомасы ең төмен жалақыдан аз болатын болса, онда зейнетақы төлеміне жеке табыс салығы салынбайды.

    1. Қазір зейнеткерлер өздеріне тиесілі зейнетақы жинақтарының жылдық сомасын тұрақты пайыздық сыйақы алу мақсатында банк депозитіне салу мүмкіндігіне ие. Ал 2018 жылдан бастап олар бұл мүмкіндіктен айрылады. Сонда зейнетақы жинақтарының табыстылығы қалай болады, олар құнсызданып кетпей ме?

    Қазіргі таңда зейнеткерлердің басым бөлігі БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін белгіленген кесте бойынша жылына бір рет, яғни «жыл сайынғы» кесте бойынша алады. Ал «ай сайын» және «тоқсан сайын» алу мүмкіндігін пайдаланғылары келмейді. Сәйкесінше алушылар БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерін зейнетақы ретінде емес, жәй жинақталған сома ретінде қабылдайды. Сөйтеді де жылдық соманы алып, оны балалары мен немерелерінің оқуларына, той-томалаққа және әр түрлі сатып алуларға жұмсайды.  

    Тек кейбір зейнеткерлер ғана бұл соманы ай сайын немесе жыл сайын пайыздық сыйақы алып тұру үшін депозитке салады. Дейтұрғанмен, депозит бойынша сыйақы ретінде есептелген пайыздар, күнделікті қажеттілік үшін жоғары табыс әкеле қояры неғайбыл. Ал БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары тұрақты түрде инвестицияланады және табыс әкеледі. Заңға сәйкес БЖЗҚ зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сенімгерлікпен басқарады.

    ҚР Ұлттық Банкінің инвестициялық стратегиясы зейнетақы активтерін әртараптандыруға бағытталған. Қазіргі таңда зейнетақы активтері ұзақ мерзімді келешекте тұрақты табыс алу және тәуекелдерді төмендету мақсатында теңге және шетелдік валютада номинирленген әр түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады.

    Қазіргі таңда зейнетақы активтері мемлекеттік құнды қағаздарға, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигациялары мен акцияларына инвестицияланған. Сонымен қатар екінші деңгейдегі отандық банктер мен шетелдік банктердің депозиттеріне салынады және сенімді шетелдік эмитенттердің қаржы құралдарын сатып алуға жұмсалады. Инвестициялық басқару нәтижесінде инвестициялық табысқа қол жеткізіледі және ол салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына күн сайын есептеліп отырады. Басқа сөзбен айтқанда, зейнетақы шотынан зейнетақы төлемдері төлене бастаса да, шотта қалған қаражат инвестицияланып, оларға табыс түсіп отырады.

    «Қазақстанда зейнетақымен қамзсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес мемлекет зейнеткерлік жасқа толған алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi.

    1. Салымшы қанша қаражат жинағандығын және шотына қандай инвестициялық табыс есептелгендігін қалай біле алады?

    Бұл салымшы үшін ең басты ақпарат. Оны мынадай жолдармен алуға болады: Нақты айтар болсақ: 

    - салымшы зейнетақы жинағының жай-күйі туралы ақпаратты Қор кеңсесіне тікелей өзі келгенде (республика бойынша Қордың 231 дербес қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді);

    - пошта байланысы арқылы (үзінді-көшірме салынған конверт әр жылдың басында салымшының Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу туралы өтінішінде көрсетілген мекенжайына жеткізіледі);

    - электрондық пошта арқылы (оны таңдаған кезде зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат салымшының ЖЗШ ашу туралы өтінішінде немесе хабарлау тәсілін өзгерту туралы келісімге қол қою кезінде көрсеткен электрондық поштасына жолданады);

    - логин мен құпия сөзді (пароль) немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, www.enpf.kz сайтындағы «Интернет-үзінді көшірме» бөліміне кіріп, (логин мен құпия сөзді қолдану арқылы ENPF ұялы қосымшасын пайдалануға да болады) өтініш жасау арқылы ала алады.

    - egov.kz электрондық үкіметі арқылы. Бұл қызмет www.egov.kz порталында «Азаматтар» категориясы – «Әлеуметтік қамсызданлдыру» айдары - «Зейнетақымен қамсыздандыру» бөлімінде қолжетімді. Бұл қызметті пайдалану үшін электрондық цифрлық қолтаңба және электрондық үкімет порталында тіркелу қажет.   

    2017 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 786 365 мың адам үзінді-көшірмелерін өздерінің электрондық мекенжайларына алса, шамамен 3,7 млн адам ақпаратты сайт арқылы және әр түрлі операциялық жүйелерде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы алу мүмкіндігіне ие.  

    Бір миллионнан астам адам ұялы қосымшаны пайдалана бастады. Мұның барлығы тұрғындардың зейнетақы жинақтарына деген қызығушылығының арта бастағандығын көрсетеді.  Ал оның көлемі тұрақты түрде артып келеді. Естеріңізге сала кетелік, 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,5 трлн теңгеден асты. Жыл басынан бергі өсім 853 млрд теңгені құрады.

    2017 жылдың 9 айы ішінде салымшылардың зейнетақы шоттарына үлестірілген таза инвестициялық табыс 462 млрд теңгеден асты. 2017 жылдың 1 қаңтарынан 30 қыркүйегіне дейінгі кезеңде БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы 6,68 пайызды құрады. Бұл кезеңде инфляция 4,2 пайыз болды.

    1. Зейнетақы төлемдерін алушы қайтыс болған жағдайда оның жинағын кім және қалай ала алады?

    «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабының 5-ші тармағына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, зейнетақы Қоры қажет жағдайда оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде (2269*52,4 = 118 895, 6 теңге) жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. Бірақ, бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиіс. Айта кетелік, жерлеуге арналған соманы Қазақстан Рееспубликасының резиденті алатын болса, оған салық салынбайды. Егер, жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін шотта қалған ақшаның сомасы ең төмен зейнетақы мөлшерінен (биыл бұл соманың көлемі - 31 245 теңге) аспайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған біржолғы төлемге қосылып төленеді.

    Зейнетақы жинақтары өсиет бойынша және аталмыш Заңның 31-33 – баптарының 2 тармағында белгіленген тәртіпке сәйкес мұраға қалдырылады. Заң бойынша мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте мұра қалдырушының балалары, оның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады. Мұра қалдырушының немерелерi мен олардың ұрпақтары ұсыну құқығы бойынша мұра алады. Егер бiрiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын екiншi кезекте мұра қалдырушының бiр әке, бiр шешеден туған және әкесi немесе шешесi бөлек аға-iнiлерi мен апа-қарындастары (сiңлiлерi), сондай-ақ оның әкесi жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесi - тең үлеспен алады. Егер бiрiншi және екiншi кезектегi мұрагерлер болмаса, үшiншi кезекте мұра қалдырушының әкесiмен бiрге туған ағалары мен апалары, нағашы ағалары мен нағашы апалары тең үлеспен алады. Мұра қалдырушының немере аға-iнiлерi, апа-қарындастары (сiңлiлерi) мұраны ұсыну құқығы бойынша алады. Мұрагерлікке құқығы бар тұлғалардың толық тізімі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көрсетілген. Ал қайтыс болған салымшының зейнетақы жинақтарын алуға қажетті негізгі құжаттардың бірі, ол – мұрагерлік құқығы туралы куәлік. Мұраны қабылдау мұра ашылған жердегi нотариусқа өтiнiш беру арқылы жүзеге асырылады. БЖЗҚ-дағы мұраға қалдырылған зейнетақы төлемдері мысалы, мұрагерлік құқығы туралы куәлікте көрсетілген үлес бойынша бір жолғы төлем ретінде жүзеге асырылады. Бұл ретте зейнетақы төлемдеріне 10 пайыз көлемінде жеке табыс салығы салынады және салық заңнамасында қарастырылған түзетулер ескеріледі (алушыда жеке табыс салығы бойынша жеңілдік бар болған жағдайда). Бұл ретте мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алу үшін БЖЗҚ-ға негізгі құжаттармен қатар:  

    зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғаны туралы куәліктің көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы;

    мұрагерлік құқығы туралы куәліктің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі не мұраға берілетін мүлікті бөлу туралы келісімнің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі және заңды күшіне енген сот шешімі ұсынылады.

    Мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алуға арналған құжаттардың толық тізімі БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайтының «Қызметтер» айдарының «Алушыларға» деп аталатын бөлімінде орналастырылған.

     

     

     

         қайта оралу

     

    Жаңалықтар

    2005-2022 «Шақты орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ Барлық құқықтар қорғалған
    +7 (7215) 65 51 59,
    +7 (7215) 65 41 73 goldorang@mail.ru
    Яндекс.Метрика GIH
    © 2014 Дамыту және қолдау:
    Интернет компания Creatida