Нашар көретіндерге арналған
Wap сайттың нұсқасы

"Шахтинск орталықтандырылған кітапхана жүйесі" КММ

    Последнее обновление: 21 Февраля 2018 15:25, Просмотров (1742), Печать

    Зейнетақы төлемдері

     

    «Кім көп жұмыс істесе, сол көп зейнетақы алатын болады»

    Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2018 жылғы қаңтар

     

     

    Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі бірнеше бөлімнен тұрады.

    Олар – мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және ортақ зейнетақы төлемдері. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жұмыскердің 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің қаражатынан еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерінің пайдасына аударатын 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтар. Бұл мақалада БЖЗҚ-дан жүзеге асырылатын зейнетақы төлемдері жайында әңгіме қозғалады.

     

    Зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтіндігін білу, түсіну, болашақ зейнеткерлерге құрметті демалысқа алдын ала дайындалуға мүмкіндік беретіндігі сөзсіз. Яғни, болашақ туралы, зейнетақы туралы, еңбекке қабілетсіз жастағы қаржылық тәуелсіздік туралы ерте бастан ойлану керек.   

    Зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі толығымен мемлекеттің жауапкершілігінде болған уақыт келмеске кетті. Әрине, қазір де мемлекетіміз жауапкершіліктен толығымен бас тартпайды. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде алты ай еңбек өтілі бар зейнеткерлерге ортақ зейнетақы әлі де төленіп келеді. Сонымен қатар қазір барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде базалық зейнетақы төленеді.

    Бірақ, қазіргі заманда зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскерге оңтайлы үлестірілуі тиіс.  

    Жинақтаушы зейнетақының қандай болатындығы жұмыскердің өзіне байланысты. Қанша жинасаң, сонша аласың. Бұл ақылға қонымды логика.

    Сондықтан, жалақыларын «конвертпен» алатын азаматтар болашақта қомақты зейнетақы алудан құр қалатындарын білулері тиіс. 

     

    БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алуға құқылы азаматтар:

    -         Зейнеткерлік жасқа толған азаматтар - ерлер 63 жасқа толғанда, әйелдер 58,5 жасқа толғанда (биылдан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 2027 жылға дейін 63 жасқа толғанша жылына 6 айға ұлғайтылып отырады);

    -         мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектігі бар адамдар;

    -         Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

    -         Зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері, отбасы мүшелері.

     

    2018 жылғы өзгерістер

    1)Төлемдер кестесі

    Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қыркүйекте бекітілген және 2017 жылғы 3 қазанда күшіне енген «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  № 603 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы №1042 қаулысымен бекітілген, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді.

    2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері тек ай сайын жүзеге асырылады. 

    Зейнетақыны ай сайын төлеу әлемдік стандартқа сәйкес келеді. 

    БЖЗҚ-дан ай сайынғы төлемдерді есептеу үшін зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенттері қолданылады. Ал ол қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығына байланысты есептеледі. Коэффициенттер кестесі тұрақты шама және ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген. Кестеге сәйкес жыл сайын жинақталған қаржының тек бір бөлігін ғана алуға болады. Сондықтан коэффициенттің шамасы қашанда 1-ден аз болады.

    Осылайша, алушының жасына сәйкес зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті коэффициентке көбейтіліп, 12 айға бөлінеді. Одан шыққан сома – БЖЗҚ-дан жүзеге асырылатын ай сайынғы төлем болып табылады.    

    Ай сайынғы төлемдердің сомасы алушының жасына және жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасына байланысты қалыптасады.  

    Жаңа ережеге сәйкес ай сайынғы төлемнің мөлшері ағымдағы қаржы жылындағы ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмайды. 

    Жаңа кесте бойынша Қордан ай сайынғы төлемдерді жүзеге асыру мерзімі ұзара түседі. Бұған зейнетақы шотына күн сайын есептелетін инвестициялық табыс та оң әсер етеді. 

    Ал біржолғы төлемге келер болсақ, ол белгілі бір шарттарға байланысты жүзеге асырылады. Ережеге сәйкес зейнетақы жинақтары есебінен біржолғы төлемдер Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелеріне, жерлеуді ұйымдастырған адамға және мұрагерлерге төленеді.   

     

    Зейнетақы Қорынан зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға және 1-ші, 2-ші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген адамдарға ай сайын төленеді. Егер зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді. Ал егер асып кетсе, зейнетақы төлемдері ай сайын жүзеге асырылады. Айта кетелік, биыл ең төмен зейнетақы көлемі: 33 745 теңге.

    Сәйкесінше оның 12 еселенген мөлшері: 404 940 теңге.

     

    2) Әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту

    2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы 2027 жылға дейін 63 жасқа жеткенше жыл сайын 6 айға ұзартылып отырады.  

    2018 жылдан бастап зейнетке шығатын әйелдердің 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі толық болмайды. Сәйкесінше, олардың алатын ортақ зейнетақысының  мөлшері де барған сайын азая түседі. Міне, осы жағдайларға жол бермес үшін әйелдердің зейнетке шығу жасы ұлғайтылып отыр.

    Ал ортақ зейнетақы толық көлемде болуы үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі әйелдер үшін 20 жылдан кем болмауы керек.

    Оның үстіне әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту оларды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне белсенді түрде тартуға және оларға өздерінің зейнетақы жинақтарын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

    Бұл ретте әйелдер үшін жасына байланысты зейнетақы төлемдерін мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі сақталады: 

    - Төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз - 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған әйелдердің 45 жасқа толғанда;

    - 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда мемлекеттік бюджеттен жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.

    Сонымен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында өздерінің мiндеттi зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы есебiнен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары ай сайын ең төмен зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi қамтамасыз етуге жеткілікті болған жағдайда ерлер 55 жасқа толғанда, әйелдер 50,5 жасқа толғанда өздері таңдаған сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитетi шартын жасасуға құқылы. Сол арқылы зейнетақы ретінде ай сайын сақтандыру төлемдерін алып отырады. Сақтандыру ұйымдарының талаптары әрқалай. Сәйкесінше оларға аударылатын зейнетақы жинақтарының мөлшері де өзгеше болады. Бүгінгі таңда зейнетақы аннуитетін жасасу үшін жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының мөлшері ерлер үшін 9 млн теңге, әйелдер үшін 12 млн теңгеден жоғары болуы шарт.  Егер қаржы жетіспесе үшінші  тұлғалардан (зайыбы, балалары және басқалардан) келіп түскен қосымша жарналар пайдаланылады.     

    Бұл ретте мына жәйтті ескере кеткен жөн, әйелдер үшін зейнетақы аннуитетін жасау мерзімі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2027 жылға дейін 55 жасқа жеткенше жыл сайын 6 айға өсіп отырады.

    Зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару туралы ерікті түрде шешім қабылдай отырып, зейнетақы аннуитеті шартын мұқият оқу керек.  Онда біржолғы төлемнің, жылдық төлемнің, ай сайынғы төлемнің мөлшеріне, кепілдендірілген мерзімге ерекше көңіл бөлген жөн. Өйткені, сақтандыру ұйымынан төлемдер өмір бойы жүзеге асырылады ғой. Сондықтан, олардың мөлшерінің қандай болатындығын білу өте маңызды.  

    Әрбір азаматқа таңдау құқығы берілген: ол, зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының мөлшеріне қарай зейнетақы төлемдерін БЖЗҚ-дан, зейнетақы аннуитеті арқылы сақтандыру ұйымынан немесе бір бөлігін БЖЗҚ-дан, бір бөлігін сақтандыру ұйымынан ала алады.

    Әрине, зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары қомақты болуы үшін әрбір адамның ресми айлық табысы жоғары болып, зейнетақы жарналары Қорға тұрақты аударылып тұруы қажет. Сәйкесінше, болашақта алатын зейнетақы да қомақты бола түседі.    

    Демек, болашақ зейнетақының лайықты деңгейде болуы әрбір адамның өз қолында.    

     

    қайта оралу

    Жаңалықтар

    2005-2022 «Шақты орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ Барлық құқықтар қорғалған
    +7 (7215) 65 51 59,
    +7 (7215) 65 41 73 goldorang@mail.ru
    Яндекс.Метрика GIH
    © 2014 Дамыту және қолдау:
    Интернет компания Creatida