2024 жылдың 10 тамызы күні Бұқар Жырау атындағы орталық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің оқу залы қызметкері 10 тамыз Абай күні қарсаңында Шахтинск Жастар орталығымен бірлесіп, ерікті Жасыл ел жастарымен қазақтың дара, дана ақыны Абай Құнанбаевтың соңғы өмір жолдарына арнап фильм көрсетілімін өткізді.
2020 жылдың 4 тамызында Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, «Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі «Абай күні – 10 тамыз» деген тармақпен толықтырылған болатын. 2021 жылдан бері 10 тамыз «Абай күні» деген атпен мерекелік дата ретінде аталып өтілетін болды.
Іс-шараның мақсаты - Абай хакімнің бай мұрасын, оның асқақ тұлғасын биік тұғырға шығару, белгіленген дербес күнді ескеру, қазақ баласының тағы бір жаңа белеске көтерілгендігін көрсету, мерейлі күнді ұлт ретінде қазақ ұлысының ұлықтар құндылықтары, соның ішінде Алаш баласының рухани құбыласы – Абай құбылысын ерекше құрметтеу.
Біз таяу күндерде мерекелейтін бұл Абай күні – бізге жол көрсетіп тұрған жарық шамшырақ. Бұл күні фильм көрсету арқылы барша – біртұтас қазақ баласын бірлікке шақырып, адамгершілікке үндеп, «біріңді қазақ бірің дос» тұтатын қастерлі күн болып өтті! Тура сол күні хакім үңілген терең ойлар теңіздей тебіренетіндей, тура сол күні хакімнің соңында қалған биік мәтіндер асқақтады!
Іс-шараға кітапхана оқырмандары болып саналатын жастар Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін еске түсіріп, сонымен қатар кітапсүйер қауым үшін Абай Құнанбаевтың кітаптарына шолу жасалып, үлкен ынтызарлықпен фильмді тамашалап, естіп-білгендерін ортаға салып, талқылап белсенділік танытты.
Абай күні – қазақтың ізгілік пен өркениет өріне басқан тағы да бір қайырлы қадамы! Хакімге халықтық құрмет.