1 сәуір күні Шахтинск қалалық орталық кітапханасының оқу залы кітапханашысы Долинка кентінде орналасқан 6505 Әскери бөлімінің сарбаздарымен Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арнап шығармашылық еске алу кешін өткізді. Шара барысында кітапханашы қазақ композиторы, дирижер, күйші, есімі ұлттық музыка тарихында алтын әріптермен жазылған Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, күйшінің 500-ден астам музыкалық шығармалары халықтық күйге айналып, бірегей фольклорлық-этнографиялық оркестр болып құрылғанын, сонымен қатар оның музыкаға деген сүйіспеншілігі қазақ ұлттық музыкасын әлемге танытып, әндерінің халық арасында танымал болуына себеп болғанын атап өтті.
Әрі қарай, қатысушылар композитордың 70-ші жылдары шыққан әйгілі «Алатау» әнінің жазбасын тыңдап, тарихымен танысты. Шығармашылық еске алу кешінде композитордың «Көш керуен», «Ата толғауы», «Аққу», «Әлқиса», «Махамбет» және тағы да басқа күйлері 20-шы ғасырдағы қазақ музыкасының үздік туындылары болып табылатынын, «Құстар әні», «Әсел», «Қазақ вальсі» әндері халықтың жадында мәңгі сақталған шығармашылығымен жан-жақты таныстырылды. Шараға қатысқан сарбаздар композитордың бірнеше танымал күйлерін оқырмандарға тарту етті. Еске алу кешінде оқырмандар ұлы маэстроның мұрасы туралы айтқан естеліктері мен әндерін тыңдады.