Для слабовидящих
Wap версия сайта

КГУ "Шахтинская централизованная библиотечная система"

    Последнее обновление: 21 Апреля 2018 14:49, Просмотров (10417), Печать

    Қақпан ақынның өлеңдері мен толғаулары

     

    Ақындығымен Арқа өңіріне аты мәлім болған, өткір тілді, от ауызды Қақпан Жиренбайұлы ел аузынан жеткен мәліметтерге қарағанда 1864  жылы қазіргі Қарағанды облысына қарасты Шет ауданындағы Бұғылы тауының баурайында дүниеге келіп, 1934 жылы Қызылжарда қайтыс болған. Ол әрі кедей, әрі дау-дамайдан аулақ жүретін момын Жиренбайдың бес ұлының ішіндегі ең кенжесі. Мұны ақынның:

     

    Туысқан бесеу едік Жиренбайдан,

    Қолымда басқа мал жоқ жалғыз тайдан, -

     

    деген өлең жолдарынан да байқаймыз. Қақпанның азан шақырып қойған аты – Батырбек. Ақынның аталас бауыры, Шет ауданының Ақсу-Аюлы кентінде өмір сүрген Ермек Мұстафиннің айтуы бойынша Жиренбайдан туған Құттыбек, Бұлдыбек, Құлыбек, Ысқақ және Батырбек. Міне, осы ең кенжесін өнерлі азаматтарды айрықша ілтіпат көрсетіп, сыйлайтын халқымыз ақындық қабілетін ерекше бағалап, сөзімен тіліп түсетін қасиетін байқап, Қақпан деп атап кетеді. Ақынның туған жері – Бұғылы тауының бір үлкен қойнауы – Қақпан сайы деп аталады. Шет ауданындағы Нұраталды ауылының сол кездегі тұрғыны Тайжанов Өкеннен 1973 жылдың 29 қарашасында облыстық «Жезқазған туы» газетіне келіп түскен хатта былай дейді: «Алыстан мұнартып көрінген Бұғылы-Тағылы, Құсмұрын-сымбыл қойнаулары Шет ауданындағы асыл өлкелердің бірі. Осы өлкеде өкпек желден саябыр сай бар. Бұл сай – Қақпан сайы деп аталады. Бұл сайдағы анау бір қораның орыны кедей семьясында туып-өскен Батырбек Жиранбайұлы тұрған үйдің орыны». Өкен де Қақпанның 1864 жылы дүниеге келгендігін айтады. Батырбек жеті жасқа келген шағында сол кезде ел ішінде етек алған шешек деген аурумен ауырып, қос жанарынан айрылады. Сөйтіп:

     

             Көзімді алды менің бұл қорасан,

             Көрмедім мұндай ауру мен орасан, -

    деп жырлаған ақынның сауат ашуға мүмкіндігі мүлдем жабылады. Ақынның жанарының жеті жаста кеткендігін оның өз өлеңдерінен де байқаймыз:

             Қарқабат, Қаракесек, атым Қақпан,

             Жүйрікпін шығанақтан шыға шапқан.

             Тәңірім жеті жаста көзімді алып,

             Соқыр қып әр нәрседен мені қаққан.

     

             Әдебиеттер мен әр түрлі басылымдарда Қақпан туралы мәліметтер айтарлықтай көп емес. Дегенмен, аздаған дүниелердің өзінен ақынның өз кезінде алдына жан салмаған шебер тілді, өткір сөзді әрі сазгер, әрі әнші өнерпаз болғандығын айқын аңғаруға болады. Қарт журналист О.Орынтаев «Орталық Қазақстан» газетінің 1977 жылғы 20 қыркүйектегі санына шыққан «Қақпан ақын хақында» деген мақаласында мынадай естелік айтады: «Тоқырауын бойын мекендейтін Тобықты елінің Манас руынан шыққан атақты ақын Кенішбаймен жұп жазбай он жыл дәмдес-сырлас, жолдас болдым. Ол көпті көрген көне қария, әрі суырып салма тәсілмен айтатын төкпе ақын еді. Сол Кеншекең 1960 жылы 94 жасында дүние салды.

     

    Кеншекең бір реттегі әңгімесінде шаншар руынан шыққан атақты ақын Соқыр-Ажарға амандаса барғанда, сол елде жүрген Қақпан ақынмен кездескенін әңгіме етіп айтқанды Қақпанның бір-екі өлеңін де айтып берген-ді.

    -         Мен Қақпан ақынмен екі рет кездестім. Бірінде Қу еліндегі Ажар ақынның үйінде алғаш көріп, амандасып танысқанбыз. Мен сияқты, Қақпан да амандаса барған екен. Бұл жолы сөзді Ажар бастап айтты да, біз пәлендей шешіліп сөйлескеніміз жоқ, Ажардың әңгімесінен тыңдаумен болдық. Екінші рет Қақпанды әдейі еліне іздеп барып, сөйлесіп, сыр шертіскенімізде білгенім мынау еді, - деп Кеншекең әңгімесін одан әрі созды.

    -         Қақпан өзімізбен көрші отырған мына Шет ауданының адамы. Ұмытпасам әкесінің аты Жиенбек (не Жиенбай) еді. Өзі тым сөзуар, өткір тілді, орақ ауызды, шешен адам еді. Ертеде Семей губерниясына қарасты Қарқаралы уезінің Қызылтау деп аталатын болысында, кедей шаруаның семьясында туып-өскен. Руы – Қояныштағай. Бес-алты шамасында қорсан шығып, екі көзі бірдей майып болып қалған. Кішкентай кезінен домбыра тартып, естіген күйлерін қалт жібермей, нақысына келтіре тартылатын болып, ауыл-аймақ, естірмендерінің алғысына бөлене берген». Расында Қақпанның ақындығымен көпшілікке танылуы бала кезінде басталғандығын көптеген көне көз қариялардың айтқан әңгімелерінен анықтауға болады. Ақынның қос жанарынан айрылып көзі көруден қалғанымен көңілі, ақыл-ойы алысты барлайтын ақындарға тән байқампаздығы мен тіл өрнектері шығарған толғауларынан көрініп отырады. Бірте-бірте өзінің ақындық өнерін күн көріс кәсібіне айналдырады. Нәтижесінде жеке адамдарға арналған арнау өлеңдер өмірге келіп, олардың бір тобы өткір сынға бағытталса, екінші тобы, мақтап, марапаттауға негізделген. Ақынның ағайындарының бірі Ермек Мұстафин Қақпанды жиырмасыншы жылдары біраз уақыт Шу өңірінде болғандығын айтады. 1958 жылдың 23 наурызындағы «Советтік Қарағанды» газетінде жарияланған «Соқыр Қақпан ақын» деген топтама өлеңдердің кіріспесінде Қақпанның үш баласының болғандығын, үлкені – Торғайбекке қастандықпен у беріп өлтіргендігін, ал, кейінгі – Саулебек пен Қасымхан деген балаларының Ұлы Отан соғысында қаза тапқандығын жазған. Ал, Ермек ақсақалдың өзімен тілдескенде 1939 жылы Қызылжарға барып Қақпанның үйінде болғандығын Сәулебек пен Қасымханның ет комбинатында жұмыс істеп жүргенде көргендігін әңгімеледі. Бәйбішесі Ақбикешті 1948 жылы шет ауданының Шет совхозына қарасты Тұмсық бөлімшесінде тұратын Қақпанның туысқаны Әбікей Кәрібеков деген кісі көшіріп әкеледі. Ақбикеш 650 жылдардың орта кезінде қайтыс болған.

     

    Ақын туралы жазылған деректер айтарлықтай деректер көп емес. Дегенмен, 1961 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасынан Д.Шалабековтың құрастыруымен жарыққа шыққан «Қарағанды жұмысшыларының әңгіме-жырлары» деген жинақтың кіріспесінде мынадай мәлімет берілген: «1946 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институты бастырып шығарған Балхаш Әбиевтің «Қарағанды кені» дейтін кітабында:

     

    Жолығар пәнде өмірдің әр ісіне,

    Нілдінің тас ұнталар дәрісіне.

    Қыдырғанда қызырдың ісін басып,

    Кез келдім Байшағардың Әлісіне.

    Және:

             Әуелі бісміллә деп сөзді бастап,

             Бұлбұлдай тілді безеп мен бір қақсап.

             Ел тозған, заман азған турасында,

             Артыма кетейінші аз сөз тастап.

     

             Жатқанымыз ағылшынның казарма үйі,

             Лас, былық, жан тынығар жоқ бір күйі.

    Жүргеніміз жер асты күңгір білте шаммен,

    Адамның айналғандай баста миы.

     

    Сатыдан күнде түсіп булужка алып,

    Осындай күйде жатыр талай халық,

    Жас өмір жапан түзден күн кешіп ек,

    Япырмай көрерміз бе енді жарық?

     

    Қайғылы мұңды болып ғаззі басты,

    Төзімсіз күйде кешіріп өмір жасы,

    Зорлықты тартып жатқан сан мұңлықпыз, -

     

    деген текст келтіріліп, бұл өлеңдердің біріншісінің авторы 1934 жылы қайтыс болған Соқыр-қақпан екендігі, екіншісінің авторы белгісіз, бірақ Қарағанды жұмысшыларының арасында туғандығы айтылады». Келтіріліген деректен қақпан ақынның өз кезінде көпшілікке танымалы болған, өлең-жырларының ел ішіне кеңінен тарағандығын байқаймыз. Ақынға байланысты келесі бір керемет суреттеуді атақты жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Көз көрген» романынан кездестіреміз. Туынды көркем шығарма болғанымен Қақпанның бет-бейнесі өте шебер әрі нанымды бейнеленген. Оқырманға түсінікті болу үшін үзіндіні толық келтіргенді жөн көрдік: «Осы кезде көзі жұмулы, қолында таяқ, беті шұп-шұбар, домбыра асынған бір бала жетелеп келді. Келе-ақ домбырасына қосыла сарнады сол адам:

     

    «... Сұрасаң руымды Қояныштағай,

    Ішінде Қояныштағай Дәулет-Таңай,

    Белгілі Қақбан ақын мен боламын,

    Саумысың, Махамбетше жарқыным-ай.

    Тал қармап, сөз сауады соқыр Қақбан,

    Тәңірім ораза ашар әлі болса,

    Тентіреп қақсар ма еді жақ жаппастан.

    Құдайым көзімді алды көрмесін деп,

    Жын-шайтан әзәзәлге ермесін деп,

    Ырзығым ел үстінде болғаннан соң,

    Тауышқа ишарат та жетер деген,

    Жаманға жер жарады Махамбетше,

    Малталап сөз қадырын езген емен».

     

    -         Иә, иә, жетер, Қақбан. Мені несіне торисың. Өзім де торушының бірімін, - деп Махамбетше кірпідей жиырылды. Жұрт жиналып қалған. Базарға шөп, мал әкелген қыр қазақтары арбасының үстінен, аттылары жаяуларды қоршаған көпті дыбысынан сезіп, дәуірлей соқты:

     

    «... Асып ед әкең Қыдыр Қуандықтан,

    Кәнікей шыққан мүйіз жуандықтан.

    Аузыңды аждаһадай ашсаң-дағы,

    Түйені түгіменнен жұтсаң-дағы,

    Ақыретке әкетерің үш қабат бөз,

    Жиғаның қалар бір күн болып тоз-тоз:

    Шын жыласа көз соқырдан жас тамады,

    Шын қызса тас та балқып ағады.

    Шыңына жетпей қызыл тілім тоқтамас,

    Ерегіссе у шашқан аузымнан кім қағады.

    Қара есек мінген қара сарт,

    Қара арғымақ жегіпті.

    Қағазымды сорған соң,

    Майға әбден бөгепті.

    Қойшыны құдай атарда,

    Шопанға тиер таяғы.

    Байды құдай атарда,

    Төбеңе ойнар аяғы.

    «Кет!» деді-ау, сарт қақсамай!

    Әдейі іздеп келгенде,

    Сен де отырсың жақтамай.

    Бай мен биде қайыр қалмады,

    Қайтсің Қақбан ел ақтамай».

     

    Тырысып отырған Махамбетше «Қара сарт» дегенде жараңдап, жымың ете түсті. Ақын Сейіткемелдің Әубәкіріне салып еді тілін. Кейін байыған, кірме ауылдас Әбубәкір ру басы Махамбетшенің сиқымбайымен қырқысып алған жерін, бауыр басқан елін меңгеріп барады. Феодал Махамбетше түгілі Мәскеу шауып жүрген Егордың өзі «Мынау қайтеді?!» дей бастаған. Сондықтан Әбубәкірді мұқатқан әрбір сөз екеуінің қышыған жеріне тиді. Сараң Махамбетше «Бірдеме беріп құтылмаса болмас» деп дамбалдық шөжім бергенде, Егор көйлектік үш кез тізбен берді. Ойында ештеме жоқ бала Абдрақман енді ғана аңғарып «Соқыр ит» деді де үйіне жыламсырай жөнелді. Сары бала бәріне бейтарап. Жиын тараған соң жалғыз қайтты. Ақын сөзі есінлде. Бірнеше шумағын жатқа айтып келеді...»

     

    Республикаға танымалы журналист Ырымқұл Сүлейменов Қызыкең Түсіпов деген кісінің Қақпан туралы айтқан естілген былай деп келтірген: «Мен Қақпанды талай рет көрдім, ел аралап өлең айтып жүруші еді. Хиссаларды көп білетін. «Алпамысты» ұзақ түнге айтып тауса алмайтын. Зейіні күшті, бір естігенін ұмытпайтын-ды. Қақпан тамаша домбырашы еді. Ол ән де шығарған адам. «Рти-рти» әнін қазір де көп адам айтады». Қақпанның «Ішкенім – айран-шалап, тіккенім – қос» деген өлеңіне байланысты «Қарағанды жұмысшыларының әңгіме-жырлары» деген кітапта мынадай түсінік берілген: «1956 жылы 5 майда Хасен Манкиннен жазылып алынды. Х.Манкин өлеңнің тууы туралы былай дейді: «Ұмытпасам 1905 жылы желтоқсан айында ағылшын байларына қарсы жанжал жасады. Сонда ағылшын байына Нілді болысы Жәкен көмектесіп, қазақтардың қожайындарға қарсы төбелісін қойғызған екен дейді. Сол үшін ағылшыннан көп сыйлық алады. Бір ретте осы маңдағы соқыр Қақпан деген атақты ақын Ақмола жәрмеңкесіне барып жүріп, Майлықұл деген кісінің үйінде Жәкен болыспен қағысып қалады. Сол жерде Жәкен болысқа осылай деп айтып салған екен» Өлең жолдарына назар аударар болсақ Жәкен болыстан басқа Белден деген адамның есімі кездеседі:

     

    Ішкенім айран-шалап, тіккенім қос,

    Мал үшін Белденменен болмадым дос.

    Мұндағы Белден ағылшын байының есімі болса керек. Олай дейтін себебіміз осы жинақтың ішіндегі Ілияс Манкиннің «Бір Алла жәрдемші бол, өзің айла» деген өлеңінің соңында:

    Жас бала, қара қазан қамы үшін,

    Болдық біз ағылшын бай Белденмен қас, - деген жолдар бар. Осы түйінге сүйене отырып, біз жоғарыдағыдай пікірге тоқтағанды жөн көрдік.

     

     

    Әбдуов

    Новости

    2005-2022 КГУ "Шахтинская централизованная библиотечная система" Все права защищены
    +7 (7215) 65 51 59,
    +7 (7215) 65 41 73 goldorang@mail.ru
    Яндекс.Метрика GIH
    © 2014 Разработка и поддержка:
    Creatida интернет-компаниясы