Туған жерім, сенен асқан мекен жоқ
10 сәуір күні кітапхана оқырмандары үшін «Туған жерім, сенен асқан мекен жоқ» атты ақпарат күні ұйымдастырылды. Іс-шара Шахтинск қаласының 65 жылдығы мен Қарағанды облысының 90 жылдығына арналды. Оған Шахтинск қаласының «Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің қамқорлығындағы азаматтар қатысты. Ақпарат күні аясында оқу залында «Ең қымбат мекен» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітапханашылар күні бойы оқырмандарға әдеби шолулар жүргізді. «Тарихты білу – өткенге құрмет көрсету» шолуында өлке тарихына қатысты кітаптар таныстырылса, «Елге еңбегі сіңгендер» атты шолуда Ұлы Отан соғысы ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, жазушылар және өңірге танымал тұлғалар туралы басылымдар ұсынылды. Сонымен қатар, кітапханашылар келушілердің назарын «Шахтинск ОКЖ» КММ сайтында орналасқан өлкетану материалдарына аударды. Кітапхана холлында «Туған жерім – алтын бесігім» атты фотокөрме ұйымдастырылып, келушілер Шахан кентінің тарихымен танысты. Көрмеге тұрғындардың жеке архивтерінен алынған фотосуреттер қойылды. Сондай-ақ «Объективтегі Шахан» фотокөрмесі де көпшіліктің қызығушылығын тудырып, онда кент көшелері мен мекеме ғимараттары бейнеленген. Ақпарат күні мазмұнды әрі танымды өтіп, оқырмандар туған жерінің болашағына игі тілектерін білдірді.