Баспасөздің әсем әлемі
15 шілде күні Шахан кентіндегі №8 кітапхана-филиалының қызметкерлері балалар ойын алаңында «Баспасөздің әсем әлемі» атты библиоорындық ұйымдастырды. Кітапханашы балаларға журналдардың ерекшелігі туралы әңгімелеп, «Балалар әлемі», «Алтын сандық», «Непоседа», «Маленькие Академики», «Тошка» және басқа да танымал басылымдарды таныстырды. Кездесу барысында қатысушылар журнал беттерін қызығушылықпен парақтап, олардың қызықты айдарларымен танысты. Әсіресе, дамытушы тапсырмалар, логикалық ойындар, жұмбақтар мен сөзжұмбақтар балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Іс-шара соңында кітапханашылар балаларды кітапханаға шақырып, онда сүйікті журналдарының жаңа сандарымен тұрақты түрде танысып, пайдалы ақпарат алып, бос уақыттарын тиімді өткізуге болатынын айтты.