Библиотурне
Долинка к. №11 кітапхана-филиалда 1 «Б» сынып оқушыларына «Библиотурне» атты экскурсия өткізілді. Іс-шара балалардың кітапханаға келуінен басталды. Оларды кітапханашы қарсы алып, балалармен бірге кітапханадағы негізгі тәртіп ережелері еске түсірілді. Содан кейін кітапханашы балаларға кітапхана туралы тақырыптық жұмбақ жасырды. Одан әрі кітапханалардың даму тарихына шолу жасады. Балаларға кітап қорының не екені, кітаптардың сөрелерде қалай орналастырылып, нөмірленіп сақталатыны түсіндірілді. Картотекалық жәшіктердегі карточкалар мен оқырман формуляры көрсетілді. Балалар абонементтің (кітаптарды үйге алып оқуға беретін бөлім) және оқу залының (сөздіктер мен энциклопедиялармен жұмыс істейтін орын) айырмашылығын білді. С.Я. Маршактың «Книжка про книжки» өлеңі оқылды. Кітапханашы кітаптарды күтіп ұстау ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Экскурсия соңында кітапханашы балаларға алғысын білдіріп, оларды ата-аналарымен бірге кітапханаға қайта келуге шақырды.