«Балалық шақты ұрлайтын еңбек әлемі»
«Балалық шақты ұрлайтын еңбек әлемі» атты ойын-сабақ аясында Оқушылар сарайының мектеп жанындағы лагерь тәрбиеленушілері балалар еңбегін қанау ұғымымен және оған қарсы күрестің Дүниежүзілік күнімен танысты. Іс-шараны №13 балалар кітапхана-филиалының қызметкерлері өткізді. «Рұқсат пен тыйым» және «Құқықтар бағдаршамы» атты викториналар арқылы балалар үй шаруасына көмектесу мен адам құқықтарын бұзатын қауіпті еңбек түрлерінің айырмашылығын ажыратуды үйренді. «Сот сарапшысы» және «Дүкен сөресіндегі детективтер» атты командалық тапсырмалар барысында қатысушылар әлемдегі өзекті мәселелерді талқылап, балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған өз ұсыныстарын ортаға салды. Жүргізушілер балалар еңбегін қанау мәселесінің ауқымына және сапалы білім алудың маңыздылығына тоқталып, бұл туралы халықаралық ұйымдардың деректерін таныстырды. Іс-шара соңында балалар «Балалық шақ ағашы» плакатын толтырып, әр баланың басты міндеті – білім алу, даму және бақытты балалық шақ кешу екендігі туралы қорытындыға келді.