«Таңғаларлық, бірақ ақиқат!» ерекше фактілер мен оқиғалармен танысу
№13 балалар кітапхана филиалының қызметкерлері «Ботагөз» балабақшасының мектепалды даярлық тобына «Таңғаларлық, бірақ ақиқат!» атты танымдық шара ұйымдастырды. Іс-шара барысында бүлдіршіндер қызықты деректер мен ерекше оқиғалармен танысып, «Ал сен жасай аласың ба?», «Ойландырар сұрақтар», «Табиғаттың тылсым қабілеттері», «Әлем туралы бәрі», «Тірі табиғат» атты тартымды викториналарға белсене қатысты. «Қызықты ойын» кезінде балалар табиғаттағы ғажайып құбылыстарды бейнелеп көрсетті. Ал «Сенемін – сенбеймін» ойынында олар дұрыс жауаптарға қуанып, бірге қол соғып, аяқпен топылдатып, ерекше белсенділік танытты. Бүлдіршіндер өз білімдерінің жоғары деңгейін көрсетіп, сұрақтарға шапшаң әрі нақты жауап берді, сондай-ақ зеректік пен алғырлық танытты. Шара соңында кітапханашы қатысушыларды қоршаған ортаның сырлары мен құпияларын тереңірек ашуға көмектесетін қызықты кітаптармен таныстырды. Іс-шара мазмұнды әрі көңілді өтіп, балаларға ұмытылмас әсер сыйлады!