Республика менен басталады
Қазақстан Республикасы күніне орай №1 кітапхана-филиалында №7 ЖББМ 6 «В» сынып оқушыларына арналған «Республика менен басталады» атты пікір алмасу сағаты өткізілді. Іс-шара барысында оқушылар мерекенің тарихымен танысып, мемлекеттік рәміздерді еске түсірді және патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің маңызы туралы ой бөлісті.
Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесінен үзінді тыңдағаннан кейін оқушылар ізгі істердің, айналадағы адамдарға құрмет көрсетудің және туған өлкені аялаудың өмірді жақсартудағы рөлін талқылады. «Құқық па, әлде міндет пе?» атты интерактивті ойында оқушылар түрлі өмірлік жағдаяттарды қарастырып, құқықтар мен міндеттер, әділдік және әр адамның қадір-қасиетін құрметтеу туралы пікір алмасты.
«Мен – Қазақстан азаматымын» атты командалық тапсырмада оқушылар туған қаласының тазалығын сақтау, достықты нығайту және ел болашағы үшін маңызды қасиеттерді дамыту жөнінде өз ұсыныстарын ортаға салды. Іс-шара соңында әрбір қатысушы Қазақстанның болашағына қандай үлес қоса алатыны туралы ойымен бөлісті. Кездесу оқушыларға Отанға деген сүйіспеншілік күнделікті іс-әрекеттен, жауапкершіліктен және айналадағы адамдарға құрмет көрсетуден басталатынын түсінуге мүмкіндік берді.