«Ертегілер шеруі» мереке
1 сәуірде Шахан кентіндегі №8 кітапхана-филиалында №2 ЖББМ 2 «А», 2 «Б» сынып оқушыларына арналған «Ертегілер шеруі» атты қызықты кітап мерекесі өтті. Іс-шара Балалар кітабы апталығының ашылуына орай ұйымдастырылды. Балаларға «Кітап мерекесінің» шығу тарихы таныстырылып, кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы мағлұмат берілді. Бағдарлама мазмұнды әрі әсерлі болды. Оқушылар «Қазақ ертегілерінің алтын сандығы», «Ғажайыптар әлемі», «Табылған заттар бюросы», «Әдеби жұмбақтар», «Даналық сұрақтар», «Ертегілер әлемі» атты викториналарға белсене қатысты. «Шындық па, әлде қиял ма?», «Иә немесе жоқ», «Белсенді кітапхана» сияқты ойындар балалардың ерекше қызығушылығын арттырды. «Ән арқылы мультфильмді тап» атты музыкалық бейне-викторина балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, олар таныс әуендер арқылы сүйікті мультфильмдерін тапты. Мерекенің сәнін музыкалық мектеп оқушыларының өнері келтірді. «Әсем саз» домбырашылар ансамблінің әуені, үрмелі аспаптардың әсем үні және жас әншілердің орындауындағы әндер көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Шара соңында балалар жаңа түскен ертегі кітаптармен танысып, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттырды. Қатысушыларға кітапты сүйіп, кітапханаға жиі келу тілегі айтылды.