Жасыл планета балалар көзімен

28.04.2026 14:00 Администратор библиотеки
Жасыл планета балалар көзімен

28 сәуір күні Шахан кентіндегі №8 кітапхана-филиалында жас оқырмандар арасында «Жасыл планета балалар көзімен» атты сурет байқауы ұйымдастырылды. Іс-шараның басында кітапханашылар экологиялық білімнің маңызы туралы айтып, табиғатты қорғау мен оны аялау – әрбір адамның азаматтық борышы екенін атап өтті. Балалар «Кітап беттеріндегі аңдар мен құстар» атты көрмемен танысып, экология тақырыбына арналған қызықты және танымдық әдебиеттерді тамашалады. Одан кейін «Жасыл планетаның құпиялары» атты викторина өткізіліп, қатысушылар табиғат, жануарлар әлемі және қоршаған орта туралы сұрақтарға белсенді жауап берді. Шығармашылық бөлімде оқу залы нағыз өнер алаңына айналды. Балалар өз қиялдарын пайдаланып, туған өлкенің табиғатын, жасыл ормандарды, мөлдір өзендерді, гүл жайнаған даланы және жарқыраған күнді бейнеледі. Әр жұмыс өзіндік ерекшелігімен, бояуының қанықтығымен және табиғатқа деген сүйіспеншілігімен есте қалды. Байқау балаларға қуаныш пен шабыт сыйлап, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды.

МАҢЫЗДЫ СІЛТЕМЕЛЕР